Шымкент қаласында 3 мыңнан астам науқас коронавирустан емделіп шықты. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзилов мәлімдеді. Оның айтуынша, дертінен сауыққандардың басым бөлігі егде жастағы азаматтар.
«Шымкент қаласында 2020 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша коронавирустың 4839 жағдайы тіркелді. Оның 2364-і симптомсыз болып анықталған. Бүгінде инфекциядан жазылып шыққан науқастардың саны 3006-ға жетіп отыр. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде»,-деді Т. Варзилов.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес бүгінгі күні емханалар жанынан құрылған мобильді бригадалар саны артып, 211-ді құраған. Мобильді бригада мамандары үйде 16 382 пациентке қызмет көрсетіп, 47 945 адамға дәрі-дәрмек жеткізіп берген.
Сонымен қатар үшінші мегаполистегі қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ашылған «109» бірыңғай телефон нөміріне бір ай көлемінде 7000-ға жуық қоңырау келіп түсіп, олардың 95 пайызы қанағаттандырылған.