Шымкент қаласында жаздағы шомылу маусымына орай қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қазір жаз маусымы. Балалардың жазғы демалысы, ересектердің еңбек демалысы, серуендеу және әрине, шомылу уақыты. Яғни теңізде, бассейнде, су айдынында шомылу.
Бірақ, қай жерде шомылсаңыз да, ешқашан судағы қауіпсіздік ережелері туралы ұмытпау керек. Осыған орай, Шымкент қаласының демалыс орындарында бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілді. Іс-шара барысында мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға жол берілмейтінін еске салып, жадынамалар табыс етілді. Сонымен қатар, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 5 500-ге жуық тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары өткен.
Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша судағы қаіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 2 адамға айыппұл салынды. ТЖД қызметкерлері судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында балаларды жүзуге де үйретуде. Нақтырақ айтар болсақ, «Hawai» жазғы сауықтыру лагерінде 50-ден аса балаға құтқарушы-сүңгуірлер суда жүзуді үйретті. Қазір жазғы маусым кезінде балалардың көбі суға түскенді ұнатады. Бұл ата-аналардың өз баласының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау керек екенін еске салды. Осыған байланысты ТЖД қызметкерлері ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады.
«Өкінішке орай, атқарылып жатқан ауқымды шараларға қарамастан жыл басынан облыста 37 адамның суға кету жағдайы тіркелді. Олардың ішінде 21-і кәмелет жасына толмаған балалар болып отыр. Балалардың суға батып қайтыс болуының басты себебі – үлкендердің қарауынсыз қалуы және белгіленбеген жерлерде суға түсуі. Су айдындарының жанында балаларды қараусыз қалдыру – қауіпсіздік қағидаларын бұзу болып табылады»