Мекеме 70 орынға лайықталған, жыл басынан бері 962 зейнеткер сауықтыру қызметін алды. Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. 2023 жылдың қарашысында іске қосылған сауықтыру кешені жасы бойынша зейнетке шыққан азаматтардың қысқа мерзімде демалуы мен емделуін жүзеге асыру мақсатында құрылған. Мекеме 70 орынға лайықталып, жыл басынан бері 962 зейнеткер сауықтыру қызметін алды. Ем алушылар мекемеге түскен сәттен бастап дәрігерлердің қабылдауында болып, денсаулығы мен жасы ескеріліп, емдік іс-шараларды тағайындалады. Дәрігерлердің ұсынуынан кейін электромагнитті терапия, сумен емдеу, ЕДШ, дәрілік шөптердің тұнбалары демалушыларға ұсынылады. Ал, физиотерапия бөлмесінде электрофорез, вибромассаж, миостимулятор, ингалятор, массаждық орындық пен кереует, аяқ массажеры, тағы да мамандардың көмегімен емдік шаралар жүргізіледі. Қызмет алушылардың мәдени тынығуы үшін қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі мекемесінің «Абай» атындағы №5 кітапхана бөлімшесімен меморандум түзіліп, бірігіп іс- шаралар өткізіледі. Кітаптар қорын кітапхананың осы бөлімшесі толықтырып тұрады. Демалушыларға 5 мезгіл уақытылы және ыстық тағамдар ұсынылып, сапалы тамақтануы мамандар тарапынан қадағаланады. Сенатор Айгүл Жарылқасынқызы сауықтыру кешенін аралау барысында қызмет алушылар жасалып жатқан жағдай үшін алғысын айтып, өз ризашылығын жеткізді.
Бұдан өзге, Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсауле Серіков «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысымен танысты. Орталық 2029 жылдан бері зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетіп келеді. 2023 жылы мұнда 12 мыңға жуық зейнеткер қызмет алса, жыл басынан бері 4140 адамға қызмет көрсеткен. Қызмет алушы орталыққа келгенде бірінші кезекте дәрігердің тексеруінен өтеді. Мұнан кейін ардагерлер психолог кеңесі, музыка терапия, еңбек терапиясы, шахмат, дойбы ,бильярд, үстел теннисі, тренажер залы, кино зал, йога, хореография т.б. секілді қызмет түрлерін пайдаланады. Осылайша «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қалада үш бөлімшесінде қазір 800 зейнеткер 32 қызмет алып жатыр. Мәжіліс депутаты Таңсауле Ғабдыманапұлы Шымкент қаласында зейнеткерлерге жасалған жағдайға оң бағасын беріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.