Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен «iKomek» жедел қызмет ету орталығы ашылған болатын. Күні кеше қала басшысы орталықтың жұмысымен танысып қайтты. Қалада көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруда аталған орталықтың қосар үлесі мол екеніне сенім білдірген қала әкімі, мекеме шаһардағы күрмеуі шешілмеген көп мәселені анықтап, жедел әрі сапалы шешілуіне ықпал ететінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды айтқан болатын. Аталған орталықтың жұмысы — осы тұжырымдамада көрсетілген барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс»,-деді қала басшысы.
Үшінші мегаполистегі қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ашылған «109» бірыңғай телефон нөміріне бір ай көлемінде 7000-ға жуық қоңырау келіп түсіп, олардың 95 пайызы қанағаттандырылған. Орталыққа қазір негізінен карантин режіміне қатысты сауалдар келіп түсуде.
Қазіргі таңда орталықта жалпы 33 маман үш бағытта жұмыс істейді. Әуелі тұрғындардан келген өтініш-шағымдарды оператор қабылдап, одан әрі инспектор сұрақтың сапасы мен мазмұнын бақылап, атқарушы органдарға бағыттайды. Үшіншісі, тапсырманың орындалуын қадағалайды.
«iKomek» жедел қызмет ету орталығы тұрғындардың өтінішін күндіз-түні қабылдап, мемлекеттік жұмыстың қызметін ашық әрі қолжетімді етуді көздейді. Осыған дейін 30 мекемемен байланыста болса, енді қызмет көрсету аясын кеңейтіп, олардың қатарын 300-400-ге арттыруды жоспарлап отыр.