Әлемдік экономкианың дамуының қазіргі жағдайларында туризм жетекші және қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналып келеді. Қазынаға салықтық түсімдердің, шетел валютасы ағынының, жұмыс орындары санының өсуі есебінен туризм экономикасының басты секторларының дамуына үлес қосады.
Қаланың имиджін арттыру арқылы туристердің санын көбейтудің бірден-бір жолы – туристік нысандарды жарнамалау. Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен өткен 3 күндік іс-шараға Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Латвия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің бірқатар өңірінен келген 30 travel-блогер қатысты.
Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелерін, Қошқар ата өзенін, Сейітжан Қари мешітін, Дендропарк пен Зоосаябақты және Цитадельді аралап, өз парақшаларында қаланың туристік нысандары туралы материалдар жариялады. Әрбір блогердің 30 мың 400 000 мың аралығында оқырманы бар. Оларға гастрономиялық дәстүрлі қазақ тағамдары, мұражайлар, креативті арт-кешендер мен саябақтар, өндірістік зауыттар таныстырылды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы маусым айында туризмді дамыту жөніндегі кеңесте туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өткен еді. Президент: «Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады», – деді.
Мемлекет басшысының туризмді дамыту туралы тапсырмасы Шымкент қаласында бұлжытпай орындалып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2024 жылдың І жарты жылдығында Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар саласында атқарылған жұмыстары туралы» брифингте кеңінен айтылды. Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов шаһарды туристер үшін тартымды ету бағыттарына тоқталып өткен болатын.