Есірткі қылмысының алдын алу мен болдырмауға мемлекет тарапынан қатаң шаралар қабылданып келеді. Расында, нашақорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Есіркімен күрес мәселесі бүгінде тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде орын алған ғаламдық дертке айналған. Сол себепті үшінші мегаполисте нашақорлықпен күрес шарасы тоқтаған емес.
Сала мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Шымкентте полиция қызметкерлерімен анықталған есірткі қылмыстарының саны өткен жылдармен салыстырғанда күрт өскен. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылы полиция қызметкерлерімен 218 есірткімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар анықталса, 2020 жылы бұл көрсеткіш– 272-ні құрады. Ал 2021 жылы – 350, 2022 жылы – 455, 2023 жылы — 612 дерек анықталған. Осылайша соңғы 5 жылдағы өсу көрсеткіші 218-ден 612-ге, яғни үш есені құрап отыр.
Ал осы жылдың 5 айының өзінде полиция қызметкерлерімен 201 есірткімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталған. Бүгінгі күнге дейін заңсыз айналымнан 35 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның тең жартысы синтетикалық есірткілер болып саналады.
Осы жылы қаладағы әр түрлі орындарда есірткі заттары мен олардың интернеттегі сілтемелері жарнамаланған 3 мыңнан астам граффити-суреттер жойылды.
Осы мақсаттағы жұмыстарға полицияға қоғамдық бірлестіктер, еріктілер мен жанашыр қала тұрғындары тікелей көмек көрсетуде. Олардың күшімен әрбір аумақты үйме-үй аралап, көше аралық және аула аралық қарау жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткімен байланысты 2 мың астам интернет сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілді.
Аталған мәселенің туындауына бірінші кезекте соңғы кездері интернет желісінің қатты дамуы әсерін тигізуде.
Бұрынғы кездері полиция қызметкерлері үшін есірткі қылмыстарын анықтау қатты қиындық туғызбайтын. Себебі, есірткі сатушы мен оны сатып алушы белгілі болатын. Ал, бүгінде есірткі саудасы толық интернет желісінде жүргізілуде. Есірткі сатушы мен оны қолданушы бірін-бірі танымайды. Барлығы тікелей қарым-қатынассыз, байланыссыз тәсілмен жүргізілуде. Қазіргі таңда интернет желісін ашып көретін болсақ, есірткі саудалайтын түрлі парақшаларды көруіміз мүмкін. Полиция қызметкерлері ондай сайттарды, парақшаларды тауып, бұғаттау үшін шара қабылдайды. Дегенмен, интернеттің мүмкіндігі шексіз болуына байланысты, бұғатталған сайттың орнына басқасын ашу ешқандай қиындық туғызбайды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шараларды өткізу нәтижесінде есірткі заттарын дайындауға арналған зертхананы анықтады.
Қаратау ауданының аумағында орналасқан үйді тінту кезінде синтетикалық есірткі жасауға арналған құрал-жабдықтар, салмағы 2 тонна құрайтын прекурсорлар мен 11 келіден астам мефедрон табылып, тәркіленді.
Жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.
Атап өтейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен заңсыз айналымнан 35 келіден астам есірткі заттары тәркіленген, оның ішінде 20 кг синтетикалық есірткі.
ШЫМКЕНТТІК ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАСТАРДЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУҒА ШАҚЫРАДЫ
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда : «Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын»,- деген болатын. Шымкентте Президент тапсырмасына сай есірткімен күрес шарасы тоқтаған емес. Мәселен оқу жылының соңында шымкенттік полицейлер студенттік жастармен жұмыс жүргізіп, оларды есірткіге қарсы қою бойынша шаралар қабылдауда. Нашақорлық – қоғамды толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болса, есірткі заттарын сату – ең қауіпті қылмыстардың бірі. Қазір бұл зиянды затқа құмарлық танытушылар саны күн санап көбеюде. Адам денсаулығын құртып, сананы улайтын бұл затқа, әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызуда. Сол себепті полицейлер жастар арасында профилактикалық шараны үздіксіз жүргізуде. Осындай іс шараның бірі «Энергетика және байланыс колледжінде» өткен болатын. Кездесуде Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізді.Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.Оқу жылының соңында студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы ескертілді. Сондай-ақ, полицейлермен бірге «Психикалық денсаулық орталығының» нарколог-дәрігері, «Жастар ресурстық орталығының» мамандары «Шымкент медресе колледжіне» барып, нашақорлықтың, психикалық белсенді заттарды қолданудың алдын алу мақсатында студенттермен арнайы кездесу өткізді. Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.
Өкінішке орай, есірткі саудасына жастардың қатысу фактісі көбейіп отыр. Мәселен, биыл есірткі саудасы дерегі бойынша ұсталғандардың 70 пайызы 35 жасқа дейінгі жастарды құрайды. Белгілі болғандай, олар интернеттегі есірткі кәсібінің құрбаны болған екен. Иә, расында ғаламторда, әлеуметтік желілерде есірткі қылмыстарымен байланысты жұмыстарға тартатын көптеген хабарландыруларды көруге болады. Оны ұйымдастырушылар қомақты ақшалай қаражат үшін, кейде аптасына 200 мыңға дейін табыс әкелетін «есірткі жасырушы» («закладчик») немесе «курьер» секілді қызметтерді ұсынады екен. Ең өкініштісі, осыған алданған жастар заңсыз қызметке кіріп, есірткіні жасырын орындарға қойып кетумен және тасымалдаумен айналысып, түбінде полиция қызметкерлерімен ұсталып жатады. Деседе, полицейлер есірткімен байланысты қылмыстар ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызылғанын қатаң ескертеді. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі қылмыстарын жасағаны үшін, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.
Ақын Қадыр мырза Әли атамыз : «Еуропа ондаған халықты отарласа, есірткі Еуропаны отарлады» – депті. Полиция қызметкерлері есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен аластату жұмысын тоқтатпайтынын тағы да айта кеткен жөн.