Әр Тәуелсіз мемлекеттің жеке ел болып қалыптасуында өз мемлекеттік рәміздері, Қарулы күштері, саяси жүйесі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен құтқарушылары секілді бірқатар маңызды саласы болатыны анық. Деседе тізбектегеннің ішінде төтеншеліктер мен құтқарушылардың астын ерекше сызып тұрып атап өткен жөн.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 18 мыңға дейін төтенше жағдай оқиғасы тіркеледі екен. Осы тұста, айта кетсек, Қазақстан аумағы төтенше жағдайлардың барлық дерлік түрлеріне бейім. Елде өрт, сел жүру, су тасқыны, жер сілкінісі сынды бірнеше табиғи апаттар жиі болып тұратыны жасырын емес. Дегенмен елде төтенше жағдайларға қарсы арнайы жаттығулар мен алдын алу шаралары жиі жүргізіліп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында басты назарға алынған.
Шымкент қаласындағы өрт қауіпті жағдайы бойынша атқарылған жұмыстар шаш етектен. Шымкент қалалық Мемлекеттік өрт бақылау басқарманың бастығы Эльмира Ережепованың сөзінше, 2024 жылдың 5 айында 93 өрт тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда қызыл жалынның шарпуы 52%-ға өскен екен. Сондай-ақ 289 жану жағдайлары орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан. Орын алған өрттердің басым бөлігі электр сымдарының қысқа тұйықталуы әсерінен орын алған — 54 өрт, жалпы өрттің санынан 58 %-ы құрады. 18 өрт абайсыздықтан болып, жалпы өрттің санынан 20 %-ы тіркеп отыр.
Дегенмен ағымдағы жылда орман және дала өрт оқиғалары орын алмапты. Алайда департаментте өрт қауіпті кезеңде, болуы мүмкін орман дала өрттерін сөндіруге жоғары өтімді 13 бірлік техника және 84 адам жеке құрамы және аэровизуалды бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған 5 дана пилотсыз ұшу аппараттары ұдайы дайындықта болады. Арнайы пысықтау шарасы үнемі іске асады.
Шымкент қаласы әкімдігімен өрт қауіпті кезеңде өткізілетін іс-шаралар туралы жоспары бекітіліп, тапсырмалар толығымен іске асты. Мәселен, 15 – 16 мамыр аралығында Республикалық «Өрт – 2024» барлық мүделлі мекемелерді тарта отырып командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілді. Сонымен қатар ірі өрттер кезінде «Казавияқұтқару» АҚ-ның тікұшақтарымен су алу үшін пайдалануға болатын 4 су айдындарының кординаттары айқындалды ( Бадам, Тогуз, Ақжар, Текесу су қоймалары). Ашық ғаламтор желісіндегі Қазақстан Ғарыш сапары сайты арқылы орман қоры аумағына тәулік бойы ғарыштық мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге бұқаралық ақпарат құралдарында, орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша департаменттің қызметкерлерімен 212 үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жергілікті атқару органдары, полиция және еріктілерден құрылған мобильді топпен 54 рейдттік іс-шаралар жүргізіліп, 2 тұлғаға өрт қауіпсіздігі талапарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы жеткізді.
225 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ
Үшінші мегаполистің аумағында 2024 жылдың 5 айында Департаменттің құрылымына кіретін бөлімшелердің мамандары 225 адамды құтқарды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 142-ні құрады, яғни 58,5% артқан. ТЖ аймақтарынан 52 адам эвакуацияланса, 2023жылы бұл көрсеткіш 22 адамды құраған. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек 179 адамға көрсетілді. 1495 жедел шығу яғни өрт, авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарға жүзеге асырылды.
Бақылаудағы объектілерде 18 өрт тіркелді, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға өскен (2023 ж. — 10 өрт). 18-ден 2 объект жоғары, қалғаны 16-сы тәуекелдердің төмен дәрежесіне жатады. Өрт салдарынан 126 әкімшілік іс қозғалған, оның ішінде 100-ескерту, 1 млн. 070 мың 680 теңге құрайтын 26 айыппұл.
ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТПАЙДЫ
Есепті кезеңде тұрғын үй секторында 95 мыңнан астам аулаларда аралау шарасы жүргізіліп, 255 мыңнан астам адам қамтылды. Бұдан өзге, жергілікті полиция қызметкерлерінің өкілдерімен автокөліктерде 610 рейдтік іс-шаралар жүргізілген. Өрт қауіпсіздігі тақырыбында жыл басынан 1016 БАҚ-та жарияланып, баспа басылымдарында 237 мақала жарияланған. Өрт қаупсіздік тақырыбы бойынша 70 мектеп пен 4406 оқушыны қамтитын онлайн режимде 123 интерактивті сабақ өткізілді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі қызметтік міндеттерінің бірі қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. 2024 жылы су айдындарында республика бойынша 11 адамның суға бату оқиғасы орын алған, оның ішінде 1 бала. Алайда Шымкент қаласы бойынша су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қала аумағындағы аквасаябақтар мен бассейіндер шомылу маусымында жұмыс атқарады.
Сәуір айынан бастап судағы қауіпсізідікті сақтау бойынша 224 рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі, дейді сала жауаптылары.
ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА ШЫМКЕНТТІК ҚҰТҚАРУШЫЛАР КӨМЕККЕ АЛҒАШЫ БОЛЫП БАРАДЫ
Ақмола облысы Аршалы ауданында су тасқыны қаупін жою үшін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы 5 бірлік техника, 40 жеке құрам, 15 мотопомпа, 1 бірлік қайық жолданған болатын.Шымкенттік құтқарушылар Жібек жолы, Қостомар, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарында және Анар станциясында қар суын сору және жағаларды нығайту, қаптарды инертті материалдармен толтырып, оны төтенше жағдай аумағына төсеу жұмыстарын жүргізді. Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: “Құтқарушылар 2 стратегиялық нысанды және Аршалы ауданы Жібек жолы, Қостомар, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарында және Анар станцияларында су басу қаупінің алдын алу шарасынақатысты.
Ал 2020 жылы Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген. 200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылында құтқарушылар қайықта тексеру жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті.
Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары 13 сәуірден бастап Атырау облысының Құлсары қаласы, Алмалы,Ақжар, Индербор, Махамбет аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 60 000 қап төседі, сондай-ақ 323 236 текше метр су сорды. Тұрғындарының атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс сөздер айтылып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталған болатын.