Басшылар 170 тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын қарастырды. Тұрғындар баспана алу, жұмысқа орналасу, жер телімдерін беру және заңдастыру, инфрақұрылым мен жолдардың сапасын жақсартуға қатысты мәселелерін көтерді. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берді. Әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 170 тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтарды қабылдау мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік беруде. Қосымша уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғ.Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында сала мамандарымен бірге Қаратау ауданындағы Таңбалытас көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы, жауапты мердігер ұйым тарапынан асфальт төсеу жұмыстары аяқталып келеді. Жақын күндері көлік қозғалысына ашылатын да болады. Сондай-ақ әкім Тұран ауданындағы Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында болды. Апатты жағдайдағы ескі ғимараттарды қарап шыққан қала әкімі, ондағы сүру жұмыстарын, балаларға арналған қосымша үйірмелер орналастырылатын жаңа ғимараттарды салу мүмкіндігі қарастырылатынын айтты. Одан әрі «Металлург» спорт кешенінің, «Дархан» сауда нүктесінің және «Ontustik» телеарнасы ғимараттарының жағдайымен де танысып, жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әкім аралау жұмысы барысында Қазыбек би көшесінің, Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзардың санитарлық жағдайын, «Көлді» және Жібек жолы-Сайрам көшелерінің қиылысындағы жаңа серуендеу аймағын абаттандыру жұмыстарын да бағамдады. Аралау және жол құрылыстарын тексеру барысында қаланың көлік жүйесін дамыту мақсатында Қайтпас шағынауданындағы Алтынсарин көшесін Тұран шағынауданына дейін кеңейту және тесу жобасы қаралды. Бұл жобаның нәтижесі көлік ағынын, жүктемені реттеуге үлкен мүмкіндік беретін болады.