«Таза өлке» экологиялық апталығы барысында Қаратау ауданының аумағында орналасқан тарихи-мәдени орындардың тазалығы да назардан тыс қалмады. Қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, іргелес елді мекен тұрғындары аулаларды қоқыстан тазалауға, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына қатысты.
#TazaShym жалпықалалық тазалық шарасына қатысушылар Сайрам тұрғын алабында орналасқан, туристердің ең көп баратын аумағы – Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баб кесенелері мен Қызыр мұнарасы маңын тазартуға атсалысты. Аймақты тазалаумен қатар қураған ағаштарды кесу, талдарды әктеу, шөптерді тазалау, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 450-дан астам адам қатысып, бірқатар арнайы техника жұмылдырылды.
Акцияға қоғам белсендісі М.Мирхалдаров, кәсіби гид-экскурсовод Г.Бекмуратова қатысып, тарихи орынның шығу тарихына қатысты мағлұматпен бөлісті. Олар өз сөзінде еліміздегі туристік аймақтарды дамыту, оларды күтіп ұстау тек мемлекеттің емес, барша азаматтардың міндеті екеніне тоқталды. Ал, белсенді жас А.Сматулла қала жастарын тазалық акциясына белсенді қатысуға және қаламызды таза ұстауға шақырды.
Бұл ауқымды іс-шара Қаратау ауданында да жүзеге асуда. Іс-шара барысында барлық ауданға қарасты елді-мекен аумақтарында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Аудан тұрғындары, белсенді жастар «Т.Назарбеков» аллеясының аумағын, Ж.Шаяхметов көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының, «Нұрсәт» шағын ауданы аумағын тазалап, қоқыстардан тазартты, ағаштарды әктеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға тұрғындармен бірге танымал айтыскер ақын – Б.Байтуов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы – А.Тоқмағамбетов, белсенді жастар және басқа да азаматтар қатысты.
Жалпы, еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның мақсаты қаланы көркейту, абаттандыру, тұрғындар назарын айналасын таза ұстауға аудару.
Осы орайда қаратаулықтар «әр ай сайын тазалық акциясын өткізіп отыру керек. Сол кезде қаламыз да, ауданымыз да тазарып, жайнай түседі»-дейді.