Қаламызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау, аялдамаларды жуу,шөп ору, абаттандыру шаралары да жалғасып жатыр.
Ғабит Әбдімәжитұлы қаламызға деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.Бұл акцияға қала аумағын абаттандыруды белсенді бастаған Шымкент тұрғындарымен бірге ассамблея мүшелері де ерекше қолдау көрсетті.#TazaShym экологиялық акциясының аясында «Қазақстан — Түркия достығы» саябағында өткен іс-шараға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ассамблея мүшелері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды жинау, көгалдандыру, ағаштарды күту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Акцияға қатысушылар саябақтағы қоқыстарды тазалап, шөп ору, ағаштарды әктеу, кесу жұмыстарын жүргізді. Бұдан басқа, шағын аудандардың аулаларын, қоқыс жәшіктерін тазалау, орындықтарды, балалар алаңдары мен спорт алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына 1200-дан астам адам қатысып, 17 арнайы техника жұмылдырылды, барлық аяқ жолдар тазаланып, 56 м3 қоқыс шығарылды, 14 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланды.
Іс-шараға армян этно-бірлестігінің өкілі Н. Мавсосиян, белсенді жас А. Сұлтан және Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Д.Қожамжарова және басқа да қала тұрғындары қатысты.