18 наурыздан бастап Шымкент тұрғындарын Желтоқсан көшесі, 121/1 жаңа мекенжай бойынша қабылдайтын болады. Бұған дейін Қапал батыр көшесі, 4 мекенжайы бойынша орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында қызметтер көрсетілген болатын.
Айта кетейік, жаңа цифрлық кеңсе заманауи жабдықтармен жабдықталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген. Сонымен қатар жаңа ХҚКО-да ресепшн, дайын құжаттарды беру, «жылдам» қызметтерді көрсететін жылдамдық аймағы, өзіне өзі қызмет көрсету аймағы, eOtinish арқылы өтініш беруге арналған орын сияқты өзгеде аймақтар қарастырылған.
«Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Мемлекеттік корпорация Еңбекші ХҚКО-ны жаңғырту туралы шешім қабылдады. Осының арқасында клиенттер мемлекеттік қызмет көрсетудегі сапа мен кедергісіздікті сезіне алады. Жаңа орталықта құжаттарды қабылдау және дайын құжаттарды беруге 19 жұмыс орны қарастырылған және 27 инспектор жұмыс істейтін болады.», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының м.а. Шоқан Өміржанұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте қазіргі уақытта 7 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар, оның ішінде 4 мамандандырылған ХҚКО және бір көші-қон қызметтерін көрсету орталығы жұмыс істейді. Барлық орталықтарда автомобильдерге арналған автотұрақтар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін шақырту қоңыраулары мен жазық пандустар қарастырылған.