Жаңа заманның жаңашыл жастары өз істерімен көпті тәнті етіп, жеткен жетістіктері арқылы өзіне ғана емес, бүтін бір қоғамымыздың дамуына сүбелі үлес қосуда. Зерек әрі еңбекқор азаматтар қашан да мемлекетіміз үшін маңызды. Себебі олар бірінші кезекте болашақтың иелері. Сондай азаматтардың бірі – Жомарт Смат.
Жомарт Смат 1992 жылы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының Ұлан елді-мекенінде дүниеге келген. 1996 жылы Өскемен қаласынан Шымкентке қоныс аударып, алғашқы білімді шырайлы қаладан алған Жомарт – 2005 жылы Астана қаласына көшуіне байланысты, мектепті Елордадағы №51 гимназияда тарих пәні бойынша түрлі олимпиададағы жетістіктерімен бірге, қызыл дипломмен аяқтады.
Зерек азамат еліміздегі іргелі білім ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Этнография» мамандығы бойынша грантқа түсіп, үздіктер қатарында тәмәмдаған. Кейін аталған мамандық бойынша сол оқу орнында магистрлік дәрежені де иеленген. Кәсіпкерлікке бет бұрған соң Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (NARHOZ) Экономика және бизнес мамандығы бойынша магистрлікті қоса оқыған.
Университет қабырғасынан зерек болған білікті кәсіпкер түрлі додаларда үздік танылып, республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған. Алыс-жақын шет елдерде бизнес саласының жетекші сарапшысы ретінде дәрістер оқып, ауқымды талқылауларға қатысқан. Логистика саласындағы жетекші мекемелерде жауапты қызметтерді атқарып, үздіктер қатарынан табыла білді. «ЕХРО-2017» Халықаралық көрмесіне дайындық кезінде маман даярлауда, оларды павильон жұмыстарымен таныстырып, шет елдік қонақтарды күтуге әзірлегенін ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде Ж. Смат АҚШ-тағы «URBAN MOVING SERVICES» компаниясының Бас директоры. Қарамағында 40-қа жуық қызметкері бар кәсіпкер қазіргі таңда бүкіл АҚШ аумағында қызмет ұсынады.
Барлық ісімен қатар, Жомарт мырзаның азаматтығы бір бөлек. Жастар арасында түрлі байқаулар мен жарыстар өткізіп, түрлі гранттық жобаларға қолдау білдіруде. Жас кәсіпкерлер арасында қоғамдық лекциялар ұйымдастырып, зерек жастарды тәжірибе алмасуға да шақырған.
- Менің үлкен арманым, өз саламның үздігі болып, артымнан із қалдырар еңбегім болса деймін» – дейді жас кәсіпкер.
Еткен еңбек – еселі нәтижеге жеткізді деген осы болар. Жиған білімі мен үлкен тәжірибесін қажет салаға бұра білген білікті жас болашақта еліміздің атын шығарар беделді бизнесмен боларына сенімдіміз.
Марғұлан Аманжол