Жас кәсіпкер өнертапқыш жастарға қолдау танытуда
Әлемді жаулаған коронавирус дерті көп дүниеге басқа қырынан қарауға итермелеуде. Қазірдің өзінде білім беру жүйесі жедел онлайн түрге ауысуға мәжбүр. Көптеген шаралар мен жиындар форматы да соған ойысуда. Онлайн кеңістік күнделікті өмір салтына ентелей еніп, өзіндік заңдылықтарын енгізуде. Бұл ретте жаңа заманның жаңашыл сұраныстарына жауап беру мақсатында жас кәсіпкер Жомарт Смат өнертапқыш жастар арасында гранттар байқауын жариялады.
Басты мақсат – өмір салтын жеңілдететін мобильді қосымшалар мен басқа да онлайн платформалар әзірлеу. Бұл жобалар бірінші кезекте азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінде пайдаға жарап, оларға қолғабыс болуы тиіс.
Жомарт Смат, жас кәсіпкер:
- COVID – көп нәрсеге басқаша қарауға итермеледі. Жырақта болып, ата-анама қалай қолғабыс боламын деп біраз ойландым. Жастар арасында бөлетін гранттар, бірінші кезекте өз қаржым есебінен қайтарымсыз болмақ. Екіншіден, жас өнертапқыштарға өздері көздеген ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Әзірге тек 10 жобаға қолдау танытқалы отырмын. Өзім шет елде болғандықтан бар процесс онлайн өтетін болады.
Өнертапқыш жастарға қойылатын талап жасы 30-ға толмаған, жоғарыда атап өткен мобильді қосымшалар иә онлайн платформалар жасақтай алатын және оны жүзеге асыра алатын болуы тиіс. Байқауға жеке азаматтар да немесе азаматтар тобы да қатыса алады. Байқау туралы толық ақпаратты Zhomart Smat жеке парақшасынан алуға болады.
Жомарт Смат – логистика, жеңіл өнеркесіп және әлеуметтік сала бойынша кәсіпкер. Көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, бизнес инкубатор бойынша жетекші сарапшы әрі тренер. Қазіргі уақытта АҚШ-та білім алып, кәсібін әрі қарай жетілдіруде.
Мұндай қиын-қыстау кезеңдерде елге демеу болып, қолдан келген жақсылығын жасауға ұмтылған осындай белсенді азаматтарға тек алғыс білдіреміз.
Пандемия толық жойылмайынша, барлық медициналық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз.
Нұрлан Алмасұлы