Шымкентте былтыр мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік портал арқылы 40 мыңға жуық қызмет алған. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді.
–Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 40 728 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 7 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағын аудандарға арнайы қатынап та көрсетуде. Сондай-ақ әлеуметтік портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы, –деді Ж.Өтебаева.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан арнайы комиссияның шешімімен мүгедектігі бар адамдар протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар сияқты оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушыларға жол бермеу құқығы берілген.