Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов Корея Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесті. Оңтүстіккореялық делегацияны Интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық ағарту орталығының директоры, профессор Чо Гю Юн бастап келді.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімдігінің бірқатар салалық басқармаларының басшылары да қатысты.
Кездесу барысында білім беру мен адами капиталды дамыту ісі бойынша екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
—Шымкент — Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Біз қаланың мегополис деген атқа лайықты болуын көздейміз. Ол үшін бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіп, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Оңтүстік Корея — еліміздің стратегиялық серіктесі. Екі ел арасында кең ауқымды сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнаған. Біз Сіздермен жаңа жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға дайынбыз, — деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Өз кезегінде профессор Чо Гю Юн қазақстандық тарапқа шынайы пейілі мен қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта білім беру және жастарды жеке тұлға ретінде дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Келіссөздер нәтижелі болған жағдайда Оңтүстік Кореяның Интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық ағарту орталығы Шымкент қаласынан өкілдігін ашуы мүмкін.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Былтыр тауар айналым көрсеткіші 45466,18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 188% — ға жоғары.
Қазір елімізде Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорацияларды қоса алғанда, корей капиталы бар 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде.
Алдағы уақытта қос тарап сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды күшейтуге уағдаласты.