Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде қызылша белең ала бастады. Инфекциялық ауруды жұқтырғандар қазір Шымкент қаласының білім беру ұйымдары мен балабақшаларында да көбеюде. Қазір мегаполисте бұл аурумен күнде 70-тен астам адам дәрігерге қаралып, ауруханаға жатуда. Қызылшамен ауырғандардың көбі балалар. Оның ішінде 90 пайызы әлі төрт жасқа толмаған бүлдіршіндер. Жалпы жыл басынан бері қызылшаға 4 мың адам шалдыққан. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігі сырқатқа қарсы дер кезінде екпе салдырмағандар. Медицина қызметкерлері осы жәйтке қатты алаңдаулы. Өйткені қызылшаға қарсы уақтылы емделмесе, оның салдары өкпенің қабынуы мен мененгит дертіне соқтырады.
Жұқпалы дерттің таралуын алдын алу мақсатында бүгін қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
«2023 жылдың наурыз айынан бері қала бойынша 4795 қызылшаға күдікті дерек тіркелген. Оның ішінде 2026 жағдайда диагноз расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар 86% құрайды, олардың 89,6%-дан астамы діни себептермен ата-анасының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмағандар. Қызылша ауруының өсу қарқыны биылғы жылдың қыркүйек айының ортасынан басталды», — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қала аумағындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық ақуалды баяндап, инфекцияға тосқауыл болатын тиімді жолдарды ұсынды.
Жиын соңында қала әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға эпидемиямен күрес шараларын тиісті талаптарға сай атқарып, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Қалада 2021-2022 жылдары (ковидтен пандемия кезінде) қызылша ауруы тіркелмеген. Алайда биылғы жылы күн сайын тұрғындар арасында қызылша аурушаңдығының таралуы белең алып, өршуде дейді мамандар. Ағымдағы жылдың басынан қазан айының соңына дейін жыл аралығында Шымкент қаласында қызылшаның 4795 жағдайы тіркеліп, диагноз ретінде 2026 жағдайлары расталған. Ауырғандардың ішінде 4022 жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар ауырып, 83,8% болса , ал екпе егілмеген балалар 90,2% құрап отыр. Дәрігерлердің айтуынша қызылшаның алдын алудың ең тиімді, баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе алу арқылы– вирусты жасанды жолмен тоқтатып, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастыра алатын көрінеді. Айта кетейік қызылшаға қарсы әлсіздетілген тірі вакцинаны тек адамның дені сау кезде егеді.