Хакім Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген аталы сөзін көп ескере бермейміз.
Киіз туылдырықты қазақ баласының жеке егемен ел болуын қалаған алаш ардақтылары мен большевиктік жолды таңдаған ұлт зиялылары көзқарастары орайлас келмесе де ұлт мәселесіне келгенде көксегендері бір еді. Қазаққа кәсіп керек, кәсіп мол табыс әкелу үшін негізі мықты білім керек деді. Әрқилы айтқанымен түпқазығы осы еді. Нұрсәт шағын ауданындағы №2 Оқушылар сарайы биотехнология үйірмесіндегі оқушылардың іс-әрекетін көріп, арада ғасыр өтсе де, ардақтыларымыз айтқан ойдың ешқашан құнын жоймайтынын тағы да, тағы да ұға түсесіз.
Бесінші, яки алтыншы сынып оқушы болу керек, медициналық лапароскоп құрылғысымен жасанды дене мүшесіне ота жасауда. Қан тамырларында ұсақ тастар жүреді. Уақытында үгіп немесе отамен алып тастамаса трамбоз болып, тамырды бітеп, қан жүрмей соңы ауыр қайғыға апарып жатады. Мүмкін бесінші, мүмкін алтыншы сыныптың оқушысы лапароскоптың көмегімен тамырдағы ұсақ тастарды суырып алып жатыр. Керемет.
Кезінде медицинасы мешеулеу қазақ оба, сүзек, қырқұлақ, қызылша деген аурулардан қынадай қырылды. Соқыршектің емі жоқ еді. Бертінге дейін ота жасағанда қарынды жарқыратып жарып тастап, соқыршекті сылып алатын. Бірде сәтті, бірде сәтсіз. Ал, қазір бесінші, яки алтыншы сыныптың оқушысының қолындағы лапароскоп қарынды жармай-ақ бір тесік жасап соқыршегіңізді ата-бабасымен қосып шыңғыртып суырып алады.
Осы кабинетте виртуальді көзілдіріктің тамашасын өз көзімізбен көрдік. Көзіңде көзілдірік, қолыңда аспап. Алдыңдағы жасанды адам қаңқасының өзіңіз көргіңіз келген бір мүшесін таңдайсыз.
Айнадағыдан айқын көрсетіп, әр талшығына дейін талдап береді.Бұл жерде дәріс беріп жатқан ұстаздың есім-сойы Мәдина Мәдиева. Мамандығы – биотехнолог.
Айтқанынан ұққанымыз, мұнда медицинамен өмірін байланыстыратын қабілетті балалар көп келеді. Дегенмен, негізгілері медицина мамандарының ұл-қыздары екен.
Ұясында көргені осы. Әке-шешесі де құп көріп, осында әкелген. Бұл бала күні ертең медициналық оқу орнына түскенде мына қондырғының мәнісі қандай, қалай қызметке пайдаланады деп отырмайды. Бәрі түсінікті. Бастауышына басыңды ауыртпай, жоғары өрлей бер. Айтулы маман болудың алғы шартын көрдің, ғылым ізде, ота жасаудың биік сатысына жет.
Бұл бір үйірмедегі біз байқаған жағдай. Осындай әңгімені «Оқушылар сарайындағы» 65 үйірме хақында жеке-жеке айтуға болар еді.
КИП автоматика, мал азығын үйден аттап шықпай-ақ дайындайтын гидропоника, ІТ программалау, физика, математика, КИП және автоматика үйірмелерінде өзіміздің ұл-қыздарымыз кінәгі мамандардай білім алып, үйренгенін практикалық жұмыста сынақтан өткізіп жатыр.
Робот құрастыру, түрлі кәсіпке бағдарлау бұларға түк емес. Әсіресе, 3Dмодельдеу зертханасының мүмкіндігі ғаламат. Ұстаз Кәдірбек Барысхан мұнда көлденең көк аттының келіп, білім алуға болатындығын жоққа шығарды. Балада осы ғылымға қабілеттілік болмаса бәрі бекер екен.
Әлемдегі ең мықты мамандықтардың біріне саналатын осы кәсіпті игергендер мультимедия, анимация, кино саласына тез кірігіп, мықты маман бола алады.
Бұрындары аниматорлар мультфильмдегі адамның бас бұруының өзін ондаған қимылдарды салып беретін болса, 3D модельдеу үшін бұл шемішке шаққанмен бірдей. Тіпті, АҚШ сияқты мықты мемлекеттер мыңдаған құрылысшы салатын нысандарды модельлеулің көмегімен тұрғызуға көше бастапты. Міне, ғылымның, нано-технологияның жемісі.
Оқушылар сарайында қыл қобыз, прима қобыз, фортепиано, домбыра, гитара сияқты үйірмелерін көріп, жас өскіннің өнерлерін тамашаладық. Мұнда олимпиада бағдарламасына кіретін дзюдо, еркін күрес, классикалық күрес үйірмелерінен бөлек қазақ күресі бар. Бокс және шығыс жекпе-жек үйірмелері де болашақ спортшылардың құтты қара шаңырағы. Бізге ұнағаны қабырғасына салынған күш атасы Қажымұқан, таэквондоның шыңына шыққан Мұстафа Өзтүрік, Геннадий Головкин мен Бекзат Саттарханов сияқты даңқты спортшылардың портреттері.
Пресс-тур соңында «Оқушылар сарайының» директоры Егізбаев Данияр Дүйсенбайұлы журналистерге арнайы сұхбат берді. Қаланың тағы бір мықты білім бұлағына айналған мекеменің нақты бағыт, міндеті мен мақсаттарын таразылап берді.