Палатада кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің де отырысы өтті. Күн тәртібіндегі жалғыз мәселе – мектеп асханаларын қоғамдық бақылау тобы мүшелерінің тексеруіне байланысты еді. Отырысқа Палата басшылары мен прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшылары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.
Кәсіпкерлер палатасына жуырда «Мектепте тамақтандыру кәсіпорындарының қауымдастығынан» шағым түскен. Онда кәсіпкерлер Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) қоғамдық бақылау тобының мүшелері мектеп асханаларын тексеріп, тамақ әзірлеу блоктарына кіргенін айтқан.
– Нақты айтқанда Азаматтық Альянс ЗТБ бұйрығымен Шымкент қаласындағы түрлі басқармаларың өкілдерінен қоғамдық бақылау тобының мүшелері құрылған. Заңдағы нақты талаптар мен мораторийге қарамастан Азаматтық Альянс қоғамдық бақылау тобының мүшелері онға жуық мектеп асханаларына ешқандай заңды негізсіз барып, тексерген. Бұл тұста Мемлекет басшысының Жарлығымен шағын және микрокәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий 2023 жылдың соңына дейін созылғанын еске салғым келеді. Ал 2023 жылдың 2 қазаны күні Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» Заңы қабылданды, ол ресми түрде алғаш рет жарияланған соң 6айдан кейін күшіне енеді. Бұл Заң қоғамдық бақылаудың мақсаттарын, тапсырмалары мен принциптерін анықтайды, ел аумағындағы ұйымдар мен қоғамдық бақылауды жүргізуге байланысты әрекеттерді реттейді. Әлі заңды күшіне енбеген осы Заңның талаптарын ескерген күннің өзінде, 7-бапқа сәйкес, қоғамдық бақылау субъектілері (қоғамдық бақылау топтары) қоғамдық бақылау нысанына (мектеп асханаларын) қоғамдық бақылау жүргізу туралы хабарлауы тиіс, сонымен қоса, қоғамдық бақылау топтары құрылған жағдайда қоғамдық бақылау тобының құрамы бекітілгені жайлы хаттама жіберуі тиіс. Бұл тұста қоғамдық бақылау тексерісі мектепте емес, бизнес өкілдері жалға алған мектеп асханасында өткенін ескерген жөн, – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Майя Исаева.
Жиында кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің мүшелері мектеп асханаларын тексерген топтардың іс-әрекеттері жазылған видео-ролик көрсетілді. Кәсіпкерлердің айтуынша, қоғамдық топ мүшелері тамақ дайындайтын бөлімге кіруге рұқсат беретін қандай-да бір санитарлық кітапшаларын көрсетпеген. Жиынға қатысқан санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бөлімінің жетекшісі Роза Аханова қоғамдық бақылау тобының іс-әрекеті барысында тиісті санитарлық талаптар сақталмағанын, сондай-ақ, қорғаныш киімі дұрыс киілмегенін де атап өтті.
Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың жоғарыда айтылғандарды ескере келе, қоғамдық бақылау топтарының мектеп асханаларын тексеруге қаншалықты құзыры бар екені туралы мәселе көтерді. Себебі, қоғамдық бақылау тобы ешқандай мемлекеттік орган болып табылмайды, дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі.
Кәсіпкерлер қауымдастығы жетекшілерінің айтуынша, мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алған.
– Азаматтық Альянс өкілдері мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының құзіретті тұлғалары болып табылмайды. Осылайша «тексерулермен» ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын бұзып отыр. ҚР Президентінің «Мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын реттеу туралы» №205 Жарлығында мемлекеттік бақылау және қадағалауды тек мемлекеттік органдар жүзеге асыратыны туралы анық жазылған. Мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын реттеу қызметтерін мемлекеттік орган дәрежесі жоқ мемлекеттік мекемелерге немесе басқа ұйымдарға беруге тыйым салынған. Әрине, мектептегі оқушылардың тамақтану сапасы бақылануы тиіс, бірақ, ол шаралар құзырлы органдармен жүргізілуі керек және бизнес субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуына жол берілмеу қажет, – деді «Мектепте тамақтандыру кәсіпорындарының қауымдастығы» ЖКЗТБ вице-президенті Салтанат Лесбаева.
Осыған байланысты Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері қоғамдық бақылау тобы іс-әрекеттеріне құзырлы органдар баға беру керек деген қорытындыға келді.