Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі АЭС салу мәселесі болды. «Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады» делінген Президент Жолдауында. Бұл ауқымды мәселе жастарды да бей-жай қалдырмады. Өздерін алаңдатқан сұрақтарды сарапшыларға жолдап, ойларын ортаға салып, референдум арқылы мәселені шешуді қолдайтындықтарын жеткізді.
Агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін үш жылда 70 пайызға жеткізу керек
Президент өз Жолдауында алдымызда тағы бір өте маңызды міндет — агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғандығымызды атап өткен болатын.
«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты — Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу.
Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең әуелі, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде түрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек» – деді Қ.Тоқаев
–Президенттің айтуынша, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал.
Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Сонжай-ақ Президент дарынды әрі креативті азаматтарға өз әлеуетін толық ашуы үшін жағдай жасау керек екенін айтты. Президент елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отырғанын айтты. Бірақ ол мұнымен тоқтап қалмау керек деп есептейді. Президенттің сөзінше, кейінгі жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес түрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге жасалатын жағдай жақсара түспек,– Берік Садықов.