Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40 жылдық мерейтойы аясында және кәсіптік қуыршақ өнері саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту мақсатында 2023 жылдың 13-18 қазан күндері Шымкент қаласында І Халықаралық «Puppetland» қуыршақ театрлары фестивалі өтеді.
Фестивальға 7 (Ақтөбе, Астана, Жезқазған, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан) Қазақстан қалаларының театрлары, 13 шетелдік (Армения, Польша, Гонконг, Израиль, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Перу, Түркия, Ресей, Чехия, Эстония, Тәжікстан) мемлекеттерінің қуыршақ театрлары қатысады.
Фестиваль қойылымдарын 14-17 қазан күндері сағат 10:00, 12:00-де Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында (Қазыбек би 34) және сағат 15:00, 17:00-де Шымкент қалалық әзіл-сықық және сатира театрында (Қазыбек би 21) тамашалаңыздар.
Айта кетсек, өткен аптада Қостанай облыстық қуыршақ театры гастрольдік сапармен Шымкент қаласына келіп, көрермендерді қуантты. Шымкенттегі «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрында Қостанай облыстық қуыршақ театрының директоры Нұрмұхамбетов Мәди Мейрамханұлы алдымен баспасөз өкілдері және театр ұжымымен алдағы жоспарларымен бөліскен.
Өзара тәжірибе алмасу мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Соның аясында театырымызбен 10 күндік гастрольдік сапарға келдік. Театр көрермендеріне 4 қойылым ұсынып отырмыз. Бүгін соның бірі «Экопатруль» қойылымын көрермендер тамашалады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының шығармашылық тобы Қостанай қаласында. Қостанайда театрдың қанша жылдық тарихы болғанымен қазақ труппасы жоқ. Сондықтан біздің қаланың тұрғындары да қазақша қойылымдарды ерекше ықыласпен қабыл алуда, – деген еді Мәди Нұрмұхамбетов.
Қостанайлық театр ұжымы ұсынған «Экопатруль» қойылымының негізгі идеясы балаларды табиғатты қорғауға шақырады. Қойылымдағы кейіпкерлер қала қорғаушысы, су қорғаушысы, орман қорғаушысы болып бірігіп, қоқысты жоймақшы болады. Кейіпкер де қойылым барысында өсіп, үлкейіп, онымен күресуші батырлар түрлі қиындықтарға тап болады. Соңында батыр кейіпкерлер жеңіске жетіп, қоршаған ортаны ластауға болмайтынын, онымен күресудің оңай еместігін көркем әрі түсінікті жеткізеді. Мұнан өзге үш қойылымда ғибратқа толы.