Тұрғын үй субсидиясы пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022 -2023 жылдар аралығында қазіргі таңға дейін 1160 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде.Қазіргі таңда тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына келесі төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар қатыса алатынын естеріңізге саламыз:
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
көп балалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауы тиіс. Субсидия алуға үміткер депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 016 азамат тіркелген, оның ішінде:
— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 1964;
— көпбалалы отбасылар – 11 928;
— халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 616;
— мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19 479;
— жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 29.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметі республика бойынша kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асады. Сондай-ақ, kezekte.kz электрондық порталының кезектілік серпіні ашық (прозрачный) түрде жүргізіледі және кез келген қызметті алушы кезекте тұрған, тұрғын үймен қамтылған азаматтар туралы мәліметтерді көруге және өз кезегінің жылжу ретін толық көруге мүмкіндігі бар.
Ағымдағы жылы, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 15 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары және Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылға қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда. Аудандық әкімдіктер тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 14 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық – экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде.
Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 3 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.