Бүгін Шымкенттегі қалалық № 4 перинаталдық орталықта «Сәби – шаңырақ шаттығы» акциясы өткізілді. Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында дүниеге келген сәбилер мен аналарына құрмет көрсетілді. Акция барысында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов, мәслихат депутаты Асқар Молдабек аналарды құттықтап алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
–Тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы – аналар. Адамзат ұрпағымен мәңгілік. Сәбилі болу, іргелі отбасын құру, адамның рухани өміріндегі үлкен жеңістерінің бірі. Сондықтан да еліміздің демографиясына үлес қосып жатқан барша аналарымызға алғыс білдіреміз, – деді Р. Мүлкеманов.
Айта кетейік, перинаталдық орталықта «Отбасы күні» қарсаңында 10 нәресте өмірге келген. Оның алтауы қыз бала болса, төртеу ер бала екен. Мұндай құрметті күтпеген аналар зор ілтипатқа рахметін айтып, ризашылығын білдірді.
Шымкент қаласында жыл басынан бері 20667 нәресте дүниеге келген,оның ішінде 10678 ұл бала болса, 9989 қыз бала. Алдағы уақытта дәл осындай тосын сыйға толы құттықтаулар апта соңына дейін жалғасын таба бермек.
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Ана мен баланы, жалпы балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау және әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз ету елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалары бар отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді. Биыл 2,6 млн отбасыға жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. 2023 жылдың 8 айында 2 млн-нан астам отбасыға әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер жалпы сомасы 838,4 млрд теңгеге тағайындалды.