Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерде атқарылған жұмыстармен танысты. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоба-жоспарлар баяндалды.
Кездесу барысында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов инженерлік-коммуникациялық желілер мен инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде газдандыру, сапалы электр қуаты және ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерінің құрылысы, жол құрылысы, білім беру мен медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап берді.
–Өздеріңізге белгілі, қала әкімі болып жақында ғана тағайындалдым. Бүгінде қаладағы жағдаймен, жұмыс барысымен танысып, өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешудің жоба-жоспарын жасап жатырмыз. Өзімде халықтың арасында туып-өскен азамат болғандықтан тұрғындарды мазалайтын мәселелермен таныспын деп айта аламын. Жұмыс барысында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Сіздермен етене байланыста жұмыс істейміз. Шымкенттегі барлық өзекті мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, өздеріңізбен ақылдасып шешіледі, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Бүгінде 27 елдімекенде 257,7 мың халық тұрып жатыр. Сондай-ақ аудан аумағында 205 көпқабатты тұрғын үй, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Қазіргі таңда елдімекендердің біреуіне ғана ауызсу жеткізілмеген, ал сапалы жарықпен 92,5, табиғи газбен 85,2 пайыз қамтылған. Жыл соңына дейін ауданда су мәселесі толығымен шешіліп, келесі жылы шағынаудандардың электр қуаты және көгілдір газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді.
Ауданда жылу маусымына дайындық жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылған. Жоспарға сәйкес биыл елдімекендердегі 33 көше жарықтандырылған. Алдағы екі жылда қалған 60 көше жарық жүйелеріне толық қосылады.
Биыл ауданда 3 750 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 2024 жылы 2 900 орындық 5 мектептің, 2025 жылы 3 800 орындық 6 мектептің құрылысы жоспарланған. Есептік кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту, бейнебақылау қондырғыларын орнату, көшелерді жарықтандыруға қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.
“Барлық мәселелер кезең-кезеңімен ауданның даму жоспары аясында шешіледі. Халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында шешімін күткен мәселе баршылық. Аудан тұрғындарынан заңсыз жер телімдеріне қатысты сұрақтар да жиі түсуде. Бұл шағымдар менің тікелей назарымда. Маған уақыт берсеңіздер, өздеріңізбен бірлесе отырып, туындап отырған проблемаларға қатысты оңтайлы шешім қабылдаймыз”, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ аудан және басқарма басшыларына халықтың талап-тілектерін назарға алып, көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесудің соңында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков тұрғындардың мазалайтын сұрақтарға жауап беріп, өзекті деген проблемалардың шешілуін жеке бақылауына алатынын айтты.