Мұхтар ДҮЙСЕМБЕКОВПЕН,
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының басшысы:
–Қазіргі таңда жол сапасына қатысты ақаулар саны азайды. Бұрын тексеріс барысында бордюрлердің беріктігінің сапасы, бетонның сапасы, жол белгілерінің сәйкес келмейтіні, жалпы осындай мыңнан астам ақаулықтар анықталып жататын. Қазір бұл көрсеткіш 3-4 есе төмендеді. Былтырдан бері біз жол құрылысына пайдаланатын материалдарды құрылысқа келмей жатып тексеруді қолға алдық. Яғни, мекеме мамандары жол сапасын бақылап қана қоймай, темір-бетон бұйымдары, бордюрлер, жол жиегіне қойылатын лотоктар, жол белгілері, плита, тағы басқа құрылыс материалдарының сапасын сараптайды. Жол белгілері де біздің тексеруімізден өткеннен кейін қойылуда.
Бүгінде елді мекен көшелері, қаланың ішіндегі орам көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары ведомстволық сараптамадан өтуде. Биыл қалада 297 нысан құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылса, соның ішінде орташа жөндеуден өткен 209 көшені ведомстволық сараптамадан өткіздік. Анықталған ақаулар 200-дің төңірегінде боп тұр. Олардың дені жұмыс барысында шешілетін ақаулар. Жолға келіп жатқан материалдарды қадағалаудан бірқатар кемшіліктер табылды. 11 нысанда өрескел ақау, яғни нығыздау коэффициенті дұрыс келмейтіні анықталды.
Анықталған кемшіліктер бойынша мердігерге, тапсырыс берушіге, техникалық қадағалаушыға сараптама жазылады. Техникалық қадағалаушы мердігер мекемеге ақауларды жөндеткеннен кейін, актіге қол қойып, бізге тапсырады. Ақауларды тек қана анықтап қоймай, оның ретке келтіруін де қадағалаймыз.