Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру жобасы басталғалы бері қалада 300-ден астам азаматтан өтініш түскен. Бүгінгі таңға 164 тұрғын оң қорытындысын алған. Оның ішінде 129 азаматқа шағын несие беріліп, бүгінде басым көпшілігі кәсіптерін бастап кетті.
Жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарлары бүгін кезекті комиссия отырысында қаралды. Жиында 40 үміткердің бизнес-жобалары талқыланды. Жастардың басым көпшілігі ауыр жүк көлік тасымалы, ірі қара мал шаруашылығы, сауда-саттық дүкендерін ашу идеяларын ұсынуда.
Мемлекетік қолдау 21- 35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобаларына – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлеріне – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса, кепіл берушіні тартуға болады.
Жаңа шарттарға сәйкес, кепілді мүлік түрлерінің тізбесі де кеңейтілді. Қосымша екінші деңгейлі банк шоттарындағы қаражаты, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік, жеке меншік құқығындағы /бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар және бау-бақша өсіруге арналған жер телімдері, мамандандырылған техникалар қабылданады.
Туындаған сұрақтар бойынша https://www.agrocredit.kz сайты арқылы ақпарат алуға болады.
Құжаттар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалында қабылданады.
Мекен-жайы: Қонаев даңғылы, 3/3
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі