Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы шараларды кеңейту туралы Жарлыққа қол қойып, адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» 2021 жылғы 9 маусымдағы Жарлыққа қосымша тармақ енгізді. Онда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын бекіту туралы айтқан болатын.
Осы орайда, Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Заң алдында бәрі тең» тақырыбында кездесу өтті.
Энергетика және байланыс колледжінде өткен кездесуге Тұран ауданының полиция аға лейтенанты Иляс Серік қатысып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар заңдар жөнінде айтып берді.
-Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық мәдениетін, саяси белсенділігін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Құқықтық мәдениет -азаматтық қоғамдық сана мен әлеуметтік өмірде қоршаған ортаны танудан, зерттеуден, өзара құқықтық қатынастарға баратын түсініктердің қалыптасуынан көрінеді, — деді полиция аға лейтенанты.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында өтіп жатқан рейдтік іс-шараларға тоқталып, түнгі уақыттарда кәмелет жасына толмаған жастардың заңды өкілінсіз жүруінің қауіп-қатерін жеткізді. Ал Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жемқорлық — індет, онымен күресу — міндет» тақырыбында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің жастарымен кездесу өтті.
Кездесуге «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласы филиалының басшысы, заңгер Айжан Өмірзаққызы Кесебаева қатысты.
Кездесу барысында спикер сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі қағидаларын сақтау және оны жүзеге асыруға жол бермеу туралы біршама ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ, 1424 Call-орталығының азаматтарға тегін қолдау көрсететіндігін жеткізді.