Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Тұран шағын ауданы – миллионды мегаполистің жаңа келбетін айшықтап, күннен-күнге көркейіп келе жатқан жаңа аумақ. Қазір мұнда 19 мыңға жуық халық тұрады. Шағын ауданда 1 744 жеке секторлы үй, 86 көпқабатты тұрғын үй, 6 мектеп, 4 балабақша орналасқан.
Сонымен қатар Тұран шағын ауданын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, шағын ауданның тұрғындары 100% ауыз сумен, электр жарығымен және интернетпен қамтылған. Қазіргі уақытта шағын аудан бойынша табиғи газ құбырлары толық жеткізіліп, абоненттеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Ал кәріз жүйесі 35 пайызға қамтамасыз етілген, жоспар бойынша аталған шағын ауданда 2023 жылы кәріз құбырлары түгел тартылатын болады.
Айта кетейік, шағын аудандағы 49 көшенің 16-сы асфальтталған, 28-іне шағал тас төселсе, 5-еуі топырақ жол. Биыл атауы жоқ №1,2,3,4,5,6,7, 9,10,11,12,13 көше жөндеулен өтуде. Сонымен қатар, 2023 жылы «Әдия» тұрғын үй кешені, атауы жоқ №2,3,7 көшелер жарықтандырылады.
Тұран шағын ауданында іске асырылып жатқан жобалардың бірі – жаңа мектептің құрылысы. Оқу ғимаратының аяқтау мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ, шағын ауданда мұнан бөлек биылғы жылы 2 спорт алаңшасы және 12 балалар ойын алаңшасы салынуда.
Шымкентте халық санының өсуі және қала аумағының кеңеюіне байланысты 2022 жылдың 7 шілдесінен бастап жаңадан Тұран ауданы құрылған болатын. Жаңа аудан қаланың батыс бөлігінде орналасқан, жалпы жер көлемі мегаполис аумағының 32%-ын, яғни 36,3 мың га құрайды. Оның ішінде 12 673,3 га жайылымдық жер болса, аудан 9 секторға бөлінген. Жаңадан құрылған аудан құрамына орталық аумақтар мен 21 елді мекен кіреді, халық саны – 220,7 мың. Олар — Арғымақ ш/а, Ақжар ш/а, Айкөл ш/а, Ақтас ш/а, Ақтас-2 ш/а, Агропром ш/а, Жаңаталап ш/а, Қорғасын-1 ш/а, Қазығұрт ш/а, Құрсай ш/а, К.Маркс ш/а, Наурыз ш/а, Отырар ш/а, Спорт ш/а, Самал-1 ш/а, Кіші Самал ш/а, Түркістан ш/а, 112 орам, №3, №4, №8 шағын аудандары мен орталық аумақтар.
Ауданда 553 көшеде 526 көп қабатты тұрғын үй және 39 357 жеке тұрғын үй бар. Бұдан өзге Тұран аумағында 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулықа сақтау мекемесі және 5 саябақ орналасқан.
Аудан тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері бойынша мекен жайды өзгерту, яғни бұрынғы Абай, Қаратау ауданындарына қарасты тұрғындары құжаттарды қайта Тұран ауданына ауыстыру қажеттілігі талап етілмейді. Тұрғындар қолдағы бар құжаттарымен тиісті әлеуметтік көмектерді алатын болады.