Шымкент қаласы Қаратау ауданының аумағына 18 елдімекен кіреді. Шымкент қаласының 19 500 гектарын алып жатқан аудандағы тұрғындардың саны 190 мыңнан асады. Қаратауға қарасты – 595 көше, 7 – демалыс орны бар. Елді мекен тұрғындарын мазалаған өзекті мәселелер жыл сайын кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов айтты.
Аудан басшысының айтуынша, биыл Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарының қарқыны артты. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса, аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтылады. Ал, электр жарығымен қамтуға келер болсақ, 2022 жылы Тұран, Нұртас, Достық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде олардан бөлек, Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағындағы 1200 абонентті электр жарығымен қамту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» тарапынан инвесторлық бағдарлама аясында Тассай, Таскен, Қайтпас және Сайрам елді мекендерінде электр желілері мен трансформаторлар алмастырылуда. Тұрғындарды газбен қамту мәселесі де шешімін тапты. Сондай-ақ, биыл Тұран шағынауданына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, абоненттеу жүргізілуде. Тассай, Нұртас шағынаудандарында газ құбырын тарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Қазіргі уақытта елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрап отыр. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған,–дейді Р. Мүлкеманов.
«Халық қатысатын бюджет» жобасымен аудандарда атқарылған жұмыстар өте көп. Атап айтқанда, халықтың өз қолдауымен аумақтар көгалдандырылды, тротуарлар, пандустар, арықтарды салынып, жөнделді. Күні бүгін ортақ пайдалану орындарын құру және жарықтандыру, бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, қоқыс тастайтын орындарды жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, спорттық, балалар ойын алаңдарын орнату іс-шаралары дауыс беруге шығарылып, олардың бірқатары жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 2023 жылы ауданда 92 жобаны жасау жопарланып, бүгінде 62 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліпті. Қазіргі уақытта мердігер мекемелер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.