Шымкент қаласы Тұран ауданындағы 41 көшеге биыл 24 шақырымды құрайтын ирригациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта Қазығұрт, Наурыз, 112 орам аумағындағы 9 көшеге жалпы ұзындығы 5,5 шақырымнан тұратын ирригация салынып, пайдалануға берілді.
Олар Қазығұрт елдімекені бойынша Жандарбеков, Төлебаев, Баян ауыл, атауы жоқ көшелер. 112 орамнан Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелері. Наурыз шағын ауданынан Жанкент көшесі, Түркістан шағын ауданынан Жанқожа батыр көшесі.
Ал қалған 25 көшеде қазір ирригация салу құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Сондай-ақ, 8 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың қазан айында толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында су жиналу қаупі бар 16 мекенжайға ирригациялар жүргізіледі. Қазір желілердің жобалау-сметалық құжаттасы әзірленуде.
Сондай-ақ, Мирас және Шапағат-2 шағынауданында кәріз құбырлары жүргізілуде.
Қазір қаладағы 81 шағынауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың жоспарына сәйкес Мирас және Шапағат-2 шағын ауданында кәріз жүйесін қамту мақсатында жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізілуде.
Айта кетейік, аталған елдімекендерге канализациялық желілерді тарту бағытында 2020 жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамалық қорытынды алынған болатын. Кәріз жұмыстарының құрылысына арнайы қаражат 2021-2023 жылдар аралығында бөлінгендіктен, қазір мұнда мердігер мекема тарапынан жұмыстар қарқынды жүруде.
Сонымен қатар биыл Тассай, Тұранның ішкі жүйесі, Қайтпас-2, 112-орам, Бозарық шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 % -дан 65 % -ға артады.