Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында тұрмысқа қажетті ылғалды сүрткіштер, сұйық сабындар, сондай-ақ антисептик секілді тазалағыш құралдарын шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, аталған жоба бастапқыдан баспалдақтан маңызды сатыға өтті.
Зауыт жоспарға сай биыл іске қосылып, 40 адам жұмыспен қамтылатын болады. Айта кетейік, кәсіпорын қуаттылығы жағынан жылына 6 000 тонна ылғалды майлықтар, 500 тонна антисептик, 3 000 тонна сұйық сабын, 6 000 тонна қатты сабын өндіруге қауқарлы.
Тұрмысқа қолданатын тазалық бұйымдарын шығаратын бұл жобаның құны 4 900 миллион теңгені құрайды.
Бүгінде зауыттың іргесі мен қаңқасын тұрғызуға «Тассай» индустриалды аймағынан арнайы 0,8 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нарықта отандық тауар өндірісінің көлемі ұлғаятын болады.
Қаладағы өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсу динамикасын байқауға болады. Мысалы, химия өнеркәсібі 2,4 есе, фармацевтика өнеркәсібі 31%-ға, жеңіл өнеркәсібі 34,1%-ға, тамақ өнеркәсібі 15%-ға, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру 11%-ға және металлургия 2,2%-ға өскен.
Жалпы Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қала аумағынан үш индустриалды аймақ құрылуда. Олардың бірі 306 гектар жерді алып жатқан «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Бұл аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. Сонымен қатар, екі агро-индустриалды аймақ іске қосылады. Онда 28 жоба мен биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді. Болашақта Шымкент қаласы өзінде және көрші облыстарда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында даму көзделуде.
Айта кетейік, қалада өнеркәсіп саласында 704 кәсіпорын белсенді жұмыс жасауда, оның 26 ірі және 47 орта кәсіпорындар. Онда 32 мыңнан астам адам жұмыс жасайды.