Биыл жаңа оқу жылында қаладағы білім ұйымдары қосымша 48 нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. Отыз балабақша, он бес мектеп пен 1 оқушылар сарайы, сондай-ақ психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылып, білім нысандарының қатарын көбейтті.
Осы жылы қала бойынша 28 042 оқушы 1-сыныпқа барады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сыныпқа барған. Яғни жыл сайын қалада бала саны өсіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінде – 21 572, орыс тілінде – 4 125, өзбек тілінде – 2 345 оқушы қабылданып отыр. Ал жалпы, бүгінде 246 қала мектебінде 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік мектептер санатында.
Сонымен қатар биыл «Мектепке жол» акциясы дәстүрге сай тамызда емес, одан ертерек басталды. Акция барысында жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 41 мың теңгеден берілді.
Шымкентте мұндай оқушылардың саны – 53 893 бала. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына 2 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов білім саласына жауаптыларға мынадай тапсырмаларды жүктеді: балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындау; педагогтердің бейінділігін реттеу; медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторларды тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру; мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп 20 тамызға дейін баяндау; оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру; эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтау; межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізіп, өзекті мәселені үнемі бақылауға ұстау.