Шымкент қаласының медицина мамандары Израиль мемлекетінде біліктілігін арттыруда. Бұл тәжірибе жинақтау жұмыстары үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Шет елде оқуда жүрген дәрігерлер жедел медициналық көмек, ана мен бала саулығын жақсарту мен емдеу жұмыстары бойынша шеберлігін шыңдауда. Оқыту жұмыстары екі аптаға жалғасады.
Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер ағымдағы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында үш топ бойынша Израиль елінде тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Қазір бірінші топтағы мамандар аталған елдегі медициналық ұйымдарда кәсіби білімін жетілдіруде.
Израиль мемлекетінде білімін жетілдіретін топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр т.б дәрігерлерінен жинақталған 44 медицина қызметкері бар. Мұндай шет елдерде дәрігерлердің біліктілігін арттыру шаралары еліміздің медицина саласының дамуына ықпал етеді. Білікті мамандармен тәжірбие алмасудың арқасында осы жылдың шілде айында Шымкентте алғаш рет жүректі ауыстыру операциясы сәтті жасалды.»Шымкент жүрек орталығында» 61 жастағы тұрғынның жүрегі ауыстырылды. Ол көп жылдан бері «жүрек жетіспеушілігі» диагнозымен есепте тұрған. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Айта кетейік, жүрек алмастыру отасы «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиохирургия және Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы №2 ауруханада алғаш рет жоғары технологиялық кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар кардиостимуляторды орнату отасы жасалды. Күрделі операцияны тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған арнайы шеберлік сағатында ҚР Президенті Әкімшілігінің Медициналық орталығы ауруханасының мамандары мен Шымкент жүрек орталығы дәрігерлері бірлесе жасады. Білікті кардиохрургтар екі науқасқа жүрек ырғағын қалпына келтіретін құрылғы орнатып берді.
Тәжірибелі мамандар екі отаны да сәтті жасап шықты. Қазір науқастардың жағдайы жақсы.
Заманауи технологияға негізделген мұндай операциялардың жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын мүгедектік, өлім-жітім жағдайларын азайтуда септігі мол.