Елімізде колледж студенттерінің стипендиясы 50% көбейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылында 190 мың жас колледж студенті атанды. Оның 133 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын болады. Кәсіпорындардың өтінімі бойынша 10 мың студент білім алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға ұлғайтылды.Техникалық және кәсіптік колледж студенттерінің 75 мыңы квота бойынша қабылданды.
Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтарға қайта бағдарланды. Олардың қатарында геология, энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, IT, құрылыс, педагогика және медицина сияқты салалар бар. Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап стипендияны кезең-кезеңімен арттыру қарастырылған: 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50%-ға өседі, 2024 жылы 100%-ға дейін жеткізіледі.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер әлеуметтік қолдаумен, оның ішінде стипендиямен, тамақтанумен және жолақымен қамтылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында колледж студенттері үшін 2,5 мың орындық 13 жаңа жатақхана ашылады.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап стипендия мөлшері келесі мәндерге ие болады: педагогикалық бағыттарда және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, студенттерге – 41 898 теңге;
педагогикалық бағыттарда білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
интерндерге – 75 890 теңге;
магистранттарға – 97 024 теңге;
«Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға – 181 250 теңге (наурыз айындағы нұсқада 162 500 теңге болатын);
докторанттарға – 217 500 теңге;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша докторанттарға – 217 500 теңге;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақысының деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендияның мөлшерінен төмен емес;
техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге.
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге.