Шымкент қаласының мектептерінде бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Іргелі білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылында мектепке 250 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева барша ұстаздар қауымын, ата-аналарды білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тіледі.
– Жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мыңнан астам оқушы 1-сынып табылдырығын аттап отыр. Қаладағы ең озық білім ордаларының бірі №65 мектеп-гимназия ұжымы оқу жылын жаңа ғимаратпен бастады. Биыл мектеп бітірушілер жоғары жетістіктерге жетті. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс, – деді Жанат Арысбекқызы.
Іс-шара барысында жаңа оқу корпусының лентасы қиылды. Білім басқармасының басшысы, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. 600 орындық білім нысаны 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттермен жабдықталған. Мердігер компания құрылысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Айта кетсек, қала көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда.