Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған “IQ ZHASTAR” қалалық интеллектуалдық сайысының финалдық кезеңі өтті. Екі күнге созылған сайыстың жеңімпаздары анықталды.
Жобада қаланың белсенді жастары, блогерлер, жас журналистер, жайдарманшылар, жас ғалымдар, оқу орнының үздіктері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, кәсіпкерлерден құралған жалпы 16 команда бақ сынады.
Зияткерлік ойында Шымкент қаласының жайдарманшыларынан құралған “Жайдарман” командасы жеңімпаз атанды. ОҚУ-дың «Әуезов» құрамасы екінші, «А.Асқаров» командасы үшінші орынды иеленді.Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Әбілхайыров жеңімпаздарды құттықтап, арнайы жүлделерді табыс етті.
Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы атынан диломдар және бағалы сыйлықтармен (ноутбук, планшет, смартфон) марапатталды. Сайыс жастардың интеллектулды әлеуетін арттыра отырып, жаңа орта табуға көмектесу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Соңғы шешуші кезеңде жайдарманшылар командасы 11 сұрақтың төртеуіне дұрыс жауап беріп, үздік атанды. Команда мүшесі Нұрым Досболов сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, зияткерлік ойында командаластары алғаш рет топ жарғанын атап өтті.
Айта кетейік, интеллектуалды ойынға қаламыздан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 14 пен 35 жас аралығындағы жастардан құралған 16 команда қатысқан болатын. Айтап айтар болсақ, Жастар рухы, Жайдарман (Жайдарманшылар), НПО (Қоғамдық бірлестіктер),Атқарушы хатшылар (Шымкент қаласының),Шымқала (Белсенді жастар),Пифагор (Математиктер),Білім (Білім орталығы), Мардан колледж ( ұстаздар), Капитан (сериал “7-я”),Тех (Нысана театр),ОҚМПУ (белсенді жастар), 17-регион (вайнерлер),Ұстаздар (мектеп), Волонтер (Ерікті жастар), Әл-Фараби ( магистранттар) және Депутаттар (Шымкент маслихат).