Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев баспасөз брифингінде Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшыны апару жоспарда тұрғандығын атап өтті. Жалпы 20-ға жуық спорт түрінен тәжірибелі, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспар түзілген, мақсат айқын.
Кейбір спорт түрлерінен Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты қатар өтетінін айта кеткен жөн. Сол себепті кейбір спортшылар маңызды екі сынның біріне қатысады.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Жазғы Азия ойындарында боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысты. «Елорда Кубогы» жарысында бақ сынап, осы салмақта да өз мықтылығын дәлелдеген-тін. Ендігі басты мақсат – Азия ойындары.
Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатында топ жарды. Шекербекова 2014 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Биылғы бәсекеде 54 келіде алтын жүлде алсам деген мақсаты бар.
Каратэден Қайсар Алпысбай, Данияр Юлдашев және Софья Берульцева таяуда ғана Азия чемпионатынан жеңімпаз және жүлдегер болып оралды. Үш спортшы да төртжылдықтың басты бәсекесіне аттанатындардың қатарынан. Бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Таэквондодан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының алтынына таласатын дарынды жастың бірі. Дзюдо күресінен Севара Нышанбаева мен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. Алдағы іріктеу сайыстарында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрама бапкерлері сенім артпақ.
Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуан жуырда ғана Дортмундта (Германия) өткен Гран-При турнирінен қола жүлдемен оралды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Лицензиялық әлем чемпионаты немесе Азия ойындарына кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Ал еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали, әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгина да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүр. Екеуі де жылдың басты бәсекесінде белдесуге басты үміткер балуандар.