ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Талаптарға сәйкес, кезекті іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, бес жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В 1 деңгейінен төмен емес меңгерген ҚР азаматы қатыса алады.
–Биылғы іріктеуде мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескеріліп отыр. Кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салаларында үздіктер іріктеледі. Жастарды осындай маңызды іс-шараға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Шәкір Асылханұлы.
Президенттік жастар кадр резервіне қатысу үшін кандидаттар 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz атты арнайы сайтта құжаттарын тіркей алады. Одан кейін мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Үшінші кезеңде үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар беріліп, олардың көзқарасын бағалауға бағытталады. Төртінше кезеңде құзыреттерді бағалау кезеңі деп аталады. Бесінші кезеңде азаматтар арнайы құрылған сарапшылық комиссиясында пікір алмасады. Ал соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Бұл жиын осы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Ерекше атап өтетін жайт, резервтегі адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ, резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Сондай-ақ, баспасөз брифингінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев құжаттарды қабылдаудағы бірқатар ерекшеліктерді атап өтті.