Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады.
Қазіргі таңда теміржол вокзалы 2- қабатының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, бірінші қабаты 30 пайызға орындалды.
Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.
Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда.
Сондай-ақ, өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізуде. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы вокзал құрылысын жобаға сәйкес атқарып, нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін желдеткіш жүйесін тиісті талаптарға сай жүргізуді ескертті.
Айта кетейік, қалада жеке инвесторлар жаңа жолаушылар терминалының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына 120-150 адам тартылуда. Бүгінгі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелерін монтаждалып, желдеткіш жүйелері орнатылуда. Қазір богаждық жүйенің құрылғылары мен лифтілер, эскалаторлар орнатылып, инженерлік желілер құрылуда. Жалпы жобаның орындалуы қазір 85% ға жетті. Әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол салу және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес жаңа терминал биыл қолданысқа беріледі.