Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы салынуда. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған жол құрылысының қарқынын қадағалады. Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды.
Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды.
Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі.
Нысан басына барған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды және жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда Адырбеков көшесіндегі қайта құру жұмыстарын құрылысшылар қызу қолға алған. Мәделі Қожа мен Жібек жолы көшелері аралығында аяқжолдар, ирригациялық латок орнату, жер төсемін дайындау жұмыстары атқарылуда.
Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыстарды сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жоба бойынша, құрылыс жалпы ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, аяқжолдар, жарық шамдар көзделген. Құрылыс жұмыстары 76 пайызға орындалды. Адырбеков көшесін ел игілігіне 2023 жылы толығымен беру жоспарланған.
М.Дүйсенбекұлы жол негіздерін салуда кедергісін келтіретін байланыс жүйелерін қайта қосудағы өзекті мәселені жауаптылармен бірге шешуді тапсырды. Сондай-ақ нысанды уақытылы пайдалануға беріп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауда жолды дер кезінде ашуды ұйымдастыруды тапсырды.