«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен бүгінгі жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатысты. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды.
Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері.
Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді.
Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды.
Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынып отырған мемлекеттік бағдарламалар Шымкентте өз нәтижесін беруде. Биыл қалада 57 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Одан бөлек, жастардың кәсіппен айналысуына да жол ашылады. Бизнес бастауға қолдау ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы микрокредиттер беріледі. Жалпы, қала бойынша биыл 261 адамға микрокредит беру жоспарланып, бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, биыл Шымкент қаласындаы 261 жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында биылдан бастап берілетін шағын несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Өтініш берген сәтте үміткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмысшы жастар да қатыса алады. Өз кезегінде шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды.