Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7 айда 26 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқанын байқауға болады. Оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы бағыты бойынша өсім қарқынды. Нақтырақ айтар болсақ, шымкенттік фермерлер мен диқандардың өткен 7 айда өндірген өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 4 пайызға артып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады.
Соңғы жылдары экономикаға тартылған инвестиция көлемінің артуы бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны белгілі. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері, яғни, 2018-2022 жылдары аралығында шаһар экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның үстіне бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Ал өткен жылы 29,3 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақыл 12,9 мың га, майлы дақыл 3,8 мың га, мал азықтық 8,9 мың га, көкөніс пен бақша 3 мың га, картоп 0,7 мың га. Нәтижесінде бүгінгі күнге 71,2 мың тонна өнім жиналды.
Есепті кезеңдері қара мал саны 80,4 мың басты, қой мен ешкі саны 92,6 мың басты, жылқы –14,1 мың бас, құс 934,7 мың басты, шошқа 3,6 мың басты құрады.