Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға айырықша назар аударылып келеді. Биылғы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті», – деп атап өткен болатын.
Таяуда «Жастар саясаты туралы» заң күшіне еніп, Жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Алғаш рет «Жастардың даму индексі» енгізілді. Бұл индекс әкімдіктердің жастармен жұмысын 7 басты бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік береді (білім, денсаулық, жұмыспен қамту, азаматтық және саяси қатысуы, бос уақыт өткізуі және қауіпсіздік).
Азаматтық қоғам институттарының ішіндегі маңызды топтардың бірі – қоғамдық кеңестер. Қазір елімізде 258 қоғамдық кеңестің құрамында 4 мыңнан астам белсенді азамат өз міндеттерін абыроймен атқаруда.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырма бойынша осы жылдың соңына дейін Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 10%-ға жеткізу қажет. Қазір республикалық көрсеткіш 9% болып отыр (2023 ж.-10%, 2025 ж.-15%, 2028 ж.-20%).
Бүгінде еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп отырған Президент тапсырмасы шеңберінде қалада осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.
Қазір қала аумағында бұл санатқа кіретін азаматтар саны – 363 мыңға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау.