Бүгін “AMANAT” партиясы Шымкент қалалық филиалының конференц-залында қалалық мәслихат депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының жетекшісі Имашов Қайрат Есенбекұлы және мәслихат депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары Балтабаев Талғат Дүйсебайұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Кездесу барысында “AMANAT” партиясының 2023 — 2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы, бүгінгі таңда атқарылып жатқан негізгі жұмыстар талқыланды.
— Халықтың өмір сапасын көтеруге, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қолжетімділігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсартуды көздеген бағдарламаны орындауға жетелейтін Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ, 452 индикаторлық бағыт пен 43 245 нақты іс-шараларды қамтиды. Қалалық сайлауалды бағдарламамыз тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелерідің негізінде жасақталып, тұрғындардың 10 мыңға жуық талап-өтініштерін зерделей келе дайындалды. Жол картасының жоспарына сәйкес бүгінде нақты қадамдар жасалуда, — деді Қ.Имашев.
Ал Талғат Балтабаев Жол картасының әрбір тармағының орындалуын қатаң қадағалау мақсатында тікелей жауапты мемлекеттік орган мен фракция мүшелері бекітілгенін айтты. Соған сәйкес халықпен жүйелі түрде көшпелі кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Жиын барысында оң шешімін тапқан мәселелер туралы да баяндалды. Мәселен, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында Нұртас шағын ауданының тұрғындары атауы жоқ көшеге шағал тас төсеуді сұраған. Аталған мәселені қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев өз бақылауына алып, көшеге депутат демеушілігімен 2,2 шақырым жолға шағал тас төселген. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Алай және Балқан көшелерінің тұрғындары мәслихат депутаты Байкен Аширбаевтан көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төсеуді сұраса, депутаттық сауалдың нәтижесінде мердігер мекеме «Қазығұрт-Проект» ЖШС орташа жөндеу жүргізіп, асфальт төселген. Сондай-ақ, өзге де беріліп жатқан әлеуметтік көмек, партиялық жобалар аясындағы жұмыстар туралы да сөз болды.
Кездесу соңында депутаттар халықты алаңдатқан мәселелерді көтерген БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жиында айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, оларды шешу жолдары қарастырылатынын айтты.