Шымкенттегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілерімен жазғы оқу кезеңі басталар алдында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша кешенді нұсқау-әдістемелік сабақтар өтті.
Әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлық бағдарламасының іс-шараларын және күнделікті қызметті орындау барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау қағидаларымен таныстырды.
Әскери бөлімнің аумағында әскери техникалар паркі аймағында, казармалық үй-жайларда, спорт және қарауыл қалашықтарында, тактикалық алаңда және әскери қызмет атқаратын басқа да орындарда көрнекі құралдармен оқу орындары ұйымдастырылды.
Сабақ жетекшілері қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыс барысында қауіпсіздік шараларын сақтау, жеке құрам қарауыл қызметін атқару кезіндегі жалпы талаптар, атыс қаруымен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқамалар өткізді. Сондай-ақ, өрт және электр қауіпсіздігі ережелерін сақтау, түрлі жарақаттар алған кезде алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық өткізілді.
Қауіпсіздік талаптары бойынша сабақтар Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін жауынгерлік даярлау жоспарына сәйкес жеке құрамның 100% тарта отырып, маусымда басталатын жазғы оқу кезеңі қарсаңында өтті.
Тәжірибе көрсеткендей, сапалы дайындалған және өткізілген осындай іс-шаралар жауынгерлерде қауіпсіздік шаралары туралы тұрақты білім қалыптастыруға, жеке құрамның өлімі мен жарақаттануының алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі