Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет етілді. Іс-шара алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, тұрғындар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Одан әрі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Одан кейін көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалады.
Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Өңірлік комиссия жұмысы күзде қорытындыланады.
«Шымкент келбеті»