Азаптау – қандай да бір адамға қасақана қатты азап немесе азап шегетін, одан немесе үшінші тұлғадан мәлімет немесе мойындау алу, оны өзі немесе үшінші тұлға жасаған немесе жасады деп күдіктенген әрекеті үшін жазалау үшін физикалық немесе моральдық кез-келген әрекетті білдіреді.
Халықаралық құқық азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаның басқа түрлеріне тыйым салады. Мұндай әрекеттер jus cogens нормалары санатына жатады және ешбір уақытта, бейбіт кезде немесе қарулы қақтығыс жағдайында болсын, қолдануға рұқсат етілмейді.
Азаптау әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатады. Олар жеке адамдардың физикалық және психикалық денсаулығына қасақана нұқсан келтіріп қана қоймай, кейбір жағдайларда қадір-қасиетін жою және ерік-жігерін бұзу үшін қолданылады.
Азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаның басқа түрлеріне тыйым салу көптеген халықаралық және аймақтық шарттарда және келісімдерде қамтылған.
Осы саладағы негізгі құжат 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенция (бұдан әрі – Азаптауларға қарсы Конвенция) болып табылады.
Азаптауларға қарсы Конвенцияда азаптауға абсолютті тыйым салу және жоғарыдан жасалған бұйрық азаптауды ақтай алмайтыны бекітілген. Конвенцияға қатысушы мемлекеттер адамдарды оларға азаптаулар қолдану қаупі бар елге шығарып жібермеуге немесе қайтармауға міндеттенеді. Конвенцияны бұзушыларға қатысты мемлекеттер оларды жазалауға немесе экстрадициялау рәсімін қолдануға міндетті, жауап алу ережелері мен әдістері жүйелі бақылауда болуға, азаптаудың қасақана фактілерін әділ тергеуге және азаптауды қолдану нәтижесінде алынған айғақтарды дәлел ретінде мойындамауға, сондай-ақ жәбірленушілерді толық оңалтуға арналған қаражатты қоса алғанда, әділ және барабар өтемақы беруге міндетті.
Елімізде азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдануда. Қазақстан Республикасы азаптауға қарсы төзімсіздікті ұстанады және мұндай әрекеттерді қолдануға конституциялық деңгейде тыйым салады.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға (ҚР 1998 жылғы 29 маусымдағы №247 Заңы) қосылғанын және Факультативтік хаттаманы ратификациялағанын айта кету керек (ҚР 2008 жылғы 26 маусымдағы 48-IV Заңы).
Факультативтік хаттама шеңберінде Қазақстан Республикасы қабылдаған міндеттемелерді орындау үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан азаптауға қарсы күрес Ұлттық алдын-алу тетігін құрған.
Елімізде 2014 жылдан бастап азаптау қылмыстарын жасаған тұлғаларға рақымшылық жасау актісі немесе ескіру мерзімі салдарынан, сондай-ақ тараптардың белсенді өкінуіне және татуласуына байланысты азаптау үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салу енгізіле отырып, жазалау шаралары қатаңдатылған.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын және осы бағытқа жауапты нақты органның жоқтығын атап өтті және Бас прокуратураға азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу функциясын бекітуді тапсырды.
Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде азаптауды тергеумен тек прокурорлар ғана айналысады.
Бұдан бөлек, азаптаудың немесе қатыгездіктің басқа түрлерінің алдын алу мақсатында сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді Ішкі істер министрлігінің қарамағынан Денсаулық сақтау министрлігіне беру рәсімі аяқталды.
Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің өтініштерін беру үшін терминалдарды орнату және түзеу мекемелерінде үздіксіз бейнебақылауды енгізу жұмыстары жалғасуда.
Елімізде азаптаулардың алдын алу және ұлттық заңнаманы адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ұмтылу жұмысы одан әрі жалғасуда.
Ақтілеу Айбек
Шымкент гарнизонының
әскери прокуратурасының прокуроры,
әділет капитаны