ҚР Қорғаныс министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің кадеттері Шымкент гарнизонындағы механикаландырылған құрамасының бөлімше командирі лауазымдарында әскери тағылымдамадан өтуде.
Әскери тағылымдама бөлімшелерді үйлестіру кезеңінде арнайы ұйымдастырылып отыр. Бұл өз кезегінде болашақ сержанттарға әскерлерді даярлауға және жауынгерлік қолдану ерекшеліктерімен тікелей танысуға мүмкіндік береді.
Тағылымдама барысында болашақ кәсіпқой сержанттар әскери колледжде алған теориялық, практикалық дағдылары мен шеберліктерін пысықтайды. Қарулы күштердегі шынайы қызметке дайындалады. Сондай-ақ, бөлімшелерді басқарудағы лауазымдық міндеттерін атқарудың қыр-сырын меңгереді.
– Әскери бөлімдегі тәжірибелік жұмыстың алғашқы күндерінен бастап кадеттер бағынышты сарбаздарды басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленді. Болашақ сержанттар жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің қыр-сырын түсінуде жетекші бола отыра, бөлімшелердің дайындығы барысында бөлімше құрамында тактикалық іс-қимылдармен атыс жүргізуде өздерінің шеберліктерін көрсете алды, – дейді батальон сержанты Нариман Мұсаев.
Кадет корпусының түлектері үшін бұл жаңа практикалық тәжірибе және нағыз әскери қызметті көрудің алғашқы мүмкіндігі. Жарты жылдан соң олардың әрқайсысы өз әскери қызметтерін Қарулы Күштердің әскери бөлімдерінің бірінде бастауға мүмкіндік алады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі