«Шымкент жастар лигасының» 3 кезеңіндегі басты ерекшелік жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 37 команда жасақталды. Оның 7-еуі жоғары оқу орнының, 30-ы орта арнаулы оқу орындарының құрама командалары. Бұл туралы Жастар ресурстық орталығының мамандары мәлімдеп отыр.
Шымкентте бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып отыр. Әсіресе, мектеп жасындағы жасөспірімдерге серпін беріп, қызығушылығын арттыруға бағытталған жобалардың дені нәтижесін көрсетіп те үлгерді.
— Мектеп оқушылары арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Шымкент жастар лигасы» спорттық сайысы — игі бастаманың бірі. Бұл — жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, кереғар әрекеттерден бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын сақтауға себепкер болған жарыс. Мұнда оқушылар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат ойындарында бақ сынап, үздіктер таңдалады. Былтыр сайысқа қаладағы 151 жалпы орта білім беру ұйымынан 514 команда жасақталып, 5926 оқушы қамтылған. Сонымен қатар, әрбір құрама команданың жанкүйерлері фан-клуб құрып, өз қолдауларын көрсетті. Лига қатысушыларынан бөлек, жанкүйерлер құрамасында 2265 оқушы белсенділік танытты, — дейді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры М.Исақов.
Мамандардың айтуынша, «Шымкент жастар лигасы» әділ әрі сапалы өту үшін 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының маманы жұмылдырылған. Ал, жобаға қатысушы командалардың қызығушылығын арттыру мақсатында инвесторлардың демеушілігімен әр бағыт бойынша бірінші орын иеленген жеңімпаз командаға 20 млн. теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат тапсырылып келеді.
Айта кетейік, қаламызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында өзге де игі бастамалар жүзеге асырылып отыр. Мәселен, «Street-workout» көше спортын дамыту үшін «Жастар ресурстық орталығы» және «13 Legion» ұйымы бірлесіп, қаланың шалғай елді мекендерінде жастарға шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алған. Ал, «Саламатты ұрпақ» жобасы аясында үстел теннисі, шахмат, кіші футбол турнирлері тұрақты түрде ұйымдастырылып, қала жастары белсенділік танытып келеді. Танымал спорт шеберлерінің атсалысуымен түсірілген «Өзіңді жең» әлеуметтік бейнероликтер сериясы жастардың дене тәрбиесі мен спортқа деген қызығушылығын арттырып отыр. Мұнда спорт шеберлері, олардың жетістікке жету жолы насихатталуда.