Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан облысы жастары арасында Қарулы күштердің имиджін арттыруға, жастарды әскери парыздарын өтеуге шақыруға бағытталған кездесу өткізді. Іс-шара «Ұлы дала елі» орталығында, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Болашақ Отан қорғаушылар үшін пайдалы өткен кездесу барысында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі подполковник Ғалымжан Жұмабаев әскери-патриоттық тәрбие, Отанды қорғауға әзірлік, әскери борышқа адалдық сияқты тақырыпта сөз қозғады.
Ал, Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі полковник Қуаныш Зекенұлы 2023 жылдан бастап іске асырылатын мерзімді әскери қызмет өткергендер үшін жоғары оқу орындарында оқуға арналған жеңілдіктер туралы нақтырақ тоқталып, бұл жобаның қалай жүзеге асырылатыны туралы айтып өтті.
Облыс жастарымен кездесуге арнайы уақыт бөліп келген Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 4 курс курсанты Жаңабай Бұрханов пен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 2 курс курсанты Мырзахан Рүстемұлы жерлестеріне әскери оқу орындарына түсу тәртібі туралы түсіндірме жасап, оқу процесі, мамандықтары және атқаратын оқу-жауынгерлік міндеттері туралы айтып берді.
Кездесу барысында өскелең ұрпақ Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайдың көшпелі экспозициясын тамашалап Қарулы күштердің 30 жылдық қамтыған тарихымен және жетістіктерімен жақын таныса алды.
Іс-шара ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі