Әскери өмір ер-балаға беретін пайдасының көптен-көп екені бүрыннан белгілі дүние. Дегенмен, «армияда сен әскери тәртіпке, шыдамдылыққа үйренесің, ата-анаңның қадірін түсінесін» деген сияқты дәстүрлі ұғымдардан бөлек, бүгінгі жастар үшін дипломға жетудің жаңа жолы — әскери борышын өтеу арқылы ашылып жатқаны көпшілік аузында жүрген жағымды жаңалықтардың бірі. Осы мәселе іс-жүзінде қалай жүзеге асырылатынын нақтылау үшін, қазіргі таңда, қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес, арнайы топ құрылып өңірлерде жұмыс жүргізуде.
Еліміздің Қорғаныс министрлігінен келген ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан мен Кентау қалаларында орналасқан М.К.Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы мен Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде «Жаңа Қазақстанның тірегі – Айбынды жастар!» атты ерлік сабағын өткізді. Іс-шара облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, жастар ресурстық орталығы мен білім орталары басшыларының ұйымдастыруымен өткізілді.
Кездесу оқу орданың кіре берісінде қойылған Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайдың көшпелі экспозициясынан бастау алды. Онда көрсетілген Қарулы күштердің тарихы мен жеткен жетістіктері арқылы қатысушылар тәуелсіз елеміздің бүгінгі келбетіне жету үшін, ата-бабаларымыз бен аға буынның жасаған ерен еңбегі туралы молымен ақпарат алды.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі подполковник Ғалымжан Жұмабаевтың әскери-патриоттық тәрбие мен Отанды қорғау маңыздылығы, 2018 жылғы бастау алған «Жас сарбаз» қозғалысының бүгінгі жетістіктері тақырыбындағы кіріспе сөзімен ерлік сабағы өз бастамасын алды.
Ал, Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі полковник Қуаныш Зекенұлы 2023 жылдан бастап іске асырылатын мерзімді әскери қызметін өтегендер үшін жоғары оқу орындарында оқуға арналған жеңілдіктер туралы нақтырақ тоқталды. Ол жоба аясында сарбаздың мерзімді қызметін өтеу барысында жеткен жетістіктеріне қарап бағаланатынын және оның бағаларын арнайы ашылатын сайт арқылы күнделікті бақылауға алып отыруға болатыны туралы түсіндірме жасады.
Ерлік сабағы әскери оқу орындарының курсанттары Жаңабай Бұрханов, Нурасыл Қонысбек пен Мырзахан Рүстемұлы жоғары әскери оқу орындарына түсу тәртібі, оқу процесі мен алуға болатын мамандықтары туралы түсіндірме жасап, өздерінің оқып жүрген институттары жайлы бейне роликтерді тамашалауға шақырды.
Іс-шаралар Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.